Рухани құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіру

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times

Рухани құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіру

Отбасылық құндылықтардың орталығы ол ана. Алдымен осы тұғыр туралы ойланғанымыз абзал. «Ел болғың келсе, бесігіңді түзе» деп бекер айтылмаған. Ана рухани құндылықтарды ұрпақ бойына сіңірсе, ата сол ұяны сақтаушы, қорғаушы болу керек еді. Бірақ кеше кеңестік кезең ыдырап, жұмыссыздық жайлап, аталарымыз кешегі кеңестік шаблоннан қалған сары суға «сылқиып алып төрде жатқанда», бала шағаны асырауға поезд аралап қазақтың аналары кетті. Аталар да шығып көріп еді өзара төбелесіп, еркек атаулы қоғам шырқын бұзған соң, сен үйде отыра бер, өзім деп тәуекелді белге буып аналар шыққаны мәлім. Қазақтың қазақтық болмысын қашанда сақтап келе жатқан тұғыр аналар, қыздар туралы бүгін тағы қайта толғануға тура келді.

Қызын сыйламаған ел, анасын бағаламаған үйден береке кетеді. Береке ол құт деген сөз. Құты қашқан елдің арасында құрмет, бауырластық, сыйластық, махаббат, изет, иман, ар, намыс, жауапкершілік қайдан болсын. Қызға қамқор, қызға қалқан болу ол қазақтың басты ұлттық парызы болуы тиіс. Кейде ғаламторда қазақ қыздарын өзара қырқыстырып қойып, оны жарнамалап жатқан көріністер жақсылықтың нышаны емес. Соны түсіріп, сықылықтап күліп қарап тұрған қазақ жігіттеріне қарап-ақ, оларда ұлттық намыстың жұғыны қалмағанын көресің.

Дінді қолданып, тағы сол қазақтың қызын мазақ қылып, тастап кетіп, «жігіттік сөзін» аяқасты еткендерді, онысын тағы да шариғатпен ақтап кетіп жатқан «жігіттерді» естіп, қазаққа келген «жұт жеті ағайынды» екен деген ой келеді. Себебі бұл құбылыстың артында надандық, білімсіздік, жауапсыздық деп аталатын нәпсіқұмарлық мен ойсыздық жатыр. Азғындықтың шегі болмайды. Бірақ азғындықтың басы қазақта оның анаға, қызға деген көзқарасы мен таным түсінігінен бастау алады.

Сондықтан қазақ қыздарынан тілегім, сен тілдің де, сен ділдің де, сен ұлттың да, сен құндылықтардың да орталығысың... Өзісің, кешегі аталар жолы тарихтың көзісің, жанпидалық пен ерліктің де негізісің...Сондықтан бүгінгі қазақ қыздары осыларды сақтай алмасаң саған серт, ал сендерді қорғай алмаса жігіттерге серт! Ант ішпеске де амал қалмады, басқа жол жоқ... Онда ұлт ретінде жойыламыз...

Сөзімнің соңында «отбасында ана мен қызға», қоғамда «ана тіліне», мемлекетте «мәдениетіне қамқор болмаған кез келген саяси институт жойылуға бет түзейді дегім келеді.

Д.Кенжетай