Бала жанының білгірі
Балалық шағында-ақ, қылмыстың «дәмін татқан» жас өскіндерімізді дұрыс жолға бейімдеудің жолы қайсы? Мұндай жасөспірімдерді дұрыс жолға бағыттау үшін баланың қандай іспен шұғылдануға бейім екендігін анықтап, сол іс бойынша еңбектенуге баулыған жөн. Бұл тұрғыда әрбір жастың жеке тұлға екендігін ескере отырып, бұл тұрғыда олардың пікірімен санасу да аса маңызды. Әлбетте, перзенттерінің өмірдегі өз орнын табуына алдымен ата-анасы барынша көмек қолын созуы керек. Бұл жолда ешбір ата-ана аянып қалмасы анық. Өйткені ұл-қызын жамандыққа кім қияды? Әйтсе де, қылмысқа барған жастарды түзеу оңай іс емес. Мұндай қадамға барғандардың арасында дұрыс жөн сілтеген жанның сөзіне құлақ аса қоятындары некен-саяқ. Олардың арасында бірен-сараны ғана дұрыс бағытта өмір сүруге саналы түрде қадам басуы мүмкін. Жастар арасындағы қылмыстың негізгі себебі – оларды кішкентай күнінен тәрбиелеу кезінде жіберіп алған қателіктер болуы мүмкін. Сол себептен де әрбір отбасы бала тәрбиесін әу бастан-ақ басты назарда ұстағаны абзал. Шындығында, әсіресе, «ананы әперші», «мынаны әперші» десе, баланың көңілін қалдырғымыз келмей, оларды өкпелетіп алудан қорқып бар уәдені үйіп-төгіп бере саламыз. Кейіннен сол айтқанымызды орындайтын мүмкіндігіміз болмай қалатыны да жасырын емес. Сол себепті де, «бала ғой» деп көңілін жықпағаннан гөрі, ересектерше ашық сөйлесіп, бәрін түсіндіруге тырысқанымыз әлдеқайда дұрысырақ екен. Біз тілге тиек етіп отырған дүниенің барлығы бір қарағанда қарапайым жайт сияқты көрінетіні де рас. Бірақ балаға жөнді тәрбие беру – болашаққа жарқын жол салу. Бүгінде Шымкент қаласында жастар арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл тарапта психологтар балалармен жұмыс істеуде алдыңғы шепте. Ал бала жанының білгірі жантанушылардың біліктілігін арттыру бүгінгі күннің басты тақырыбы.
Бала жанының білгірі
Typography
- Smaller Small Medium Big Bigger
- Default Helvetica Segoe Georgia Times
- Reading Mode