Жасөспірімді тәрбиелеудегі мектеп ұжымы мен отбасының рөлі

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times

Жасөспірімді тәрбиелеудегі мектеп ұжымы мен отбасының рөлі

Қазақстан Республикасының «Білім туралы»  Заңында девиантты мінезді оқушыларға мынадай анықтама берілген: «балалар мен  жасөспірімдердің  әкімшілік жазалау  шараларын  қолдануға  әкеп соғатын құқық бұзушылықтарды үнемі  жасауы, оқудан,  жұмыстан  үнемі  жалтаруы,  отбасынан  немесе  балалардың  оқыту-тәрбиелеу  ұйымдарынан  үнемі  кетіп қалуы,  сондай-ақ  қоғамға қауіпті  әрекеттер  жасауы».

Олардың  әр  кезеңде  әртүрлі  аталғаны  бізге  белгілі: «тәртібі  нашар», «қиын», «тәрбиесі қиын»  тағы басқа. Ғылыми  тұрғыдан  зерттегенде,  дәл осы  балалардың оқуға  қызығуларының  жоқ екені, олар мектепке  де сыймай,  үйге  де сыйлы  болмай,  мұғалімдердің  берекесін  кетіріп, түптің  түбінде  олардың  басым  көпшілігінен  дайын  заң  бұзушылар  мен  қылмыскерлер  шығатыны  бұрын да  дәлелденген.

Әрбір оқушының өзін қоршаған ортасымен тығыз қарым-қатынаста  болатынын,  солардың  әсерімен  дамитынын ескере  отырып  «қиын»  балалардың  мінезіне  отбасы, мектеп және көшенің  қалай  әсер  ететін  жағдайларына  жеке-жеке  тоқталып  көрелік.Халық  даналығы «Ұяда  не көрсең, ұшқанда  соны  ілесің»,  «Әке  көрген  оқ  жонар,  шеше көрген тон  пішер», «Не  ексең  соны  орасың»,  десе  ұлы Абай «тегінде  адам  баласы  адам  баласынан  ақыл, ғылым, ар, мінез  деген  нәрселерімен  озады. Одан  басқа  нәрсемен  оздым ғой демектің  бәрі — ақымақшылық»  деп  түйіндейді. Ал  атақты  физиолог И.Павлов «әрбір  баланың  мінез-құлқы  ата-анасының  жағымды  іс-әрекеттерінен  үлгі  алу  барысында қалыптасады»  деп  тұжырымдайды.

Бала  отбасы  жағдайында  өмірдегі әртүрлі  жағдайларда  өзін  қалай  ұстауды, адамгершілік  әліппесі: кішіпейіл  болу,  ізеттілік,  сыйластық,  үлкендермен  және  кішілермен қандай  қарым-қатынаста болу  сияқты  тәжірибе  жинақтайды  және  оны меңгереді. Отбасында  бірін-бірі сыйлау,  қамқоршы  болу,  бірлесіп  еңбек ету  секілдіигі  дәстүрлер  қалыптасқан  болса,  ол  ортадан  қоғамға  қарсы  тұратын  тәрбиесіз  адам  шығуы  теориялық  жағынан  алғанда  мүмкін емес. Моралдік  жағынан  азғындаған   отбасында,  әдетте,  балаға жеткілікті  көңіл  бөлінбейді. Балалар  ата-анасының қамқорлығы  мен  сүйіспеншілігін  сезінбегендіктен,  оларды  А.С.Макаренко  «ертеңгі  күннің қуанышын  жоғалта  бастайды»,- деген. Сондықтан  олар  отбасында  өздеріне  алмаған  жылылық  пен  қайрымдылықты  сырттан,  көшеден  іздейді. Бірақ,  көп  жағдайда  оларды  қоғамға  жат  элементтер  өз  «қамқорлығына» алады. Отбасы тәрбиесінде ең маңызды  мәселенің бірі – ата-аналардың  педагогикалық көзқарасының  қалай  қалыптасуында.  Қазіргі  кездегі аса  бай  отбасылардың пайда болуы,  оларда  бала  тәрбиесінің  дұрыс  тәжірибесі  қалыптасты  деген  сөз  емес. Міне,  осындай  отбасылардың  кейбір ата-аналары  балаларының  кез келген  сұрансын мезетте  қанағаттандыру,  аламын  деген  нәрсенің   бәрін  сөзге  келмей  сатып  әперу,  үй  тірлігіне  қатыстырмауы  баласының  өзімшіл, тек  қана  тұтынушы,  жалқау, басқаның  есебінен  жақсы  өмір  сүргісі  келетін,  арамтамақ  болып  қалыптасуына  әкеліп  соқтыратынын  ескере  де бермейді. Дәл  осыған  қарама-қарсы  әрекет істейтін  ата-аналардың  да  түсінгі  балаларын  тура жолдан   шығаруға  итермелейді.

Мұндай  ата-аналар  өз балаларын  аса  қаталдықпен  тәрбиелеймін  деп  әртүрлі қысым мен  тыйымдарды  қолдану, сәл  нәрсеге  бола  қатаң   жазалау,  ар-намысын  қорлайтын  әрекеттер  жасау  арқылы  балаларын  өздеріне  қарсы  қояды. Мұндай  жағдай да   әрине,  балалар   ата-анасын сыйламайды,  олардың баласына  айтқан  «ақылы»  кері  әсер  етеді. Осындай  отбасында «тәрбие» алған  баланың  тәрбиелі  болуы  да  екіталай.

Үшінші  топқа жататан  ата-аналар  өз балаларының не істеп,  немен  айналысып  жүргендерімен ісі  жоқ, оны  өзінің міндеті деп  санамайтындар. Олардың  балалары  қараусыз  қалғандай  әсер береді. Бұл – ең қауіпті әрі  сөз жоқ, девиантты мінезді балалардың  басым көпшілігін  беретін  отбасылар. Отбасында, мектептегі  қағидалары  мен адами  құндылықтары  өздерінше  қалыптасқан.  Сондықтан  қоғамдық  мораль  мен  нормалар  олардың  түсінігіне  сай  келмейді. Нәтижеде  отбасындағы  тәрбиенің  нашарлығы мен мектептегі тәрбие  беру  ісінің  дұрыс  жолға  қойылмауының  кесірінен девиантты  мінезді  балалар  тәртіп  бұзушылардан  «көше» тәртібін  қабылдайды. Негізінен,  олар  қарапайым  күнделікті  өмірдің  күйбеңінен  аспайды,  онда  да тек даярға тап  болып үйренген, салиқалы да пайдалы іс-әрекеттен гөрі  уақытты босқа өткізгенді тәуір көреді.

Девиантты  бозбалаларды  қайта  тәрбиелеу  кезінде  олардың темпераментін  ескермей кетуге  болмайды. Мысалы,  сангвиник  өзіне  қойылған  талаптарды  тез қабылдайды,  бірақ  дәл солай  тез ұмытады. Девиантты  мінезді  оқушыға ата-анасының  да, мектептің де  жағымды әсер  етуі  арқылы  оны  дұрыс  жолға  салуға  болмайтыны  белгілі болса,  онда  ол баланы  кешіктермей  дәл  уақытысында жабық  түрдегі  ерекше  педагогикалық режимдегі  арнайы   тәрбие  мекемесіне жіберу керек.

Девиантты  мінезді  оқушыны  қайта  тәрбиелеу  кезеңінде  төмендегі  факторларды  есепке  алмайынша  істің  табысты  болмайтыны  белгілі: отбасындағы  жағдайы, досы  кім,  бос уақытында кіммен  және қалай  өткізеді,  сабақ  оқуда  неден  қиналады,  сынып  ұжымымен  және  педагогтармен  қарым-қатынасы  қалай, оның өзінің  тұлғалық  ерекшеліктері. Жастар арасындағы қылмыстың алдын алуда тәрбие мәселесі бірінші орында тұруы тиіс. Осындый  ерекшеліктерін  есепке  алу оған  дұрыс  диагноз  қоюмен  бірдей. Дұрыс  қойылған  диагноз  аурудың  дұрыс  ем  қабылдауына  оң әсер  ететіні  белігілі жайт. «Баланың ұяты  әкеге, қыздың  ұяты  шешеге», «Атадан бала туар, атасының жолын  қуар», «Ата – балаға сыншы», «Ата  баласының  ат  меңіндей  белгісі  болады», «Атадан  — өсиет, анадан — қасиет»  деген  қазақ  мақалдары  әкенің  балаға  қаншалықты  тәлім-тәрбие берудегі  рөлі  мен  орнын  көрсететіні  сөзсіз. Ал  жапон  мақалы  «Ер балаға  жүз  мұғалімнен  бір әке артық» десе, белгілі  педагог В.Сухомлинский «ер  бала  үшін  жақсы  министрден  жаман  әке артық» деп  түйіндейді.

 «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша ПҚБАИ аға оқытушылары