Мәдени құндылықтары қалыптасады
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады. Отбасы құндылығы – біздің мемлекетіміз ұстанып отырған басты саясат, деп хабарлайды otbasym.kz.Отбасы құндылығы – біздің мемлекетіміз ұстанып отырған басты саясат. Шаңырақтың үйлесімді дамуы мемлекеттің іргетасының берік болуына қызмет етеді. Отбасылық құндылықтарды сақтау, бала тәрбиесі мәселесін дәріптеу, ата-аналардың балаларын шынайы қамқорлыққа алу мәселелері тұрақты сөз болып келеді.
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады. Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде бейнеленген. Қазақ отбасындағы бала тәрбиесін ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі деп жеке-жеке мән беріп қарастыруда оның өзіндік ерекшеліктерінің ішіндегі маңыздысының бірі. Қазақ табиғатында отбасы иелері ең әуелі өз ұлы мен қызының алдында тәрбиелі, өнегелі, көргенді, үлгілі болуға тырысқан. Оның ең басты себебі, «ұлдың ұяты - әкеде, қыздың ұяты - шешеде» деп бағалағандықтан.
Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше назар аударып, «Беске келгенше балаңды хандай ұста, он беске дейін құлдай жұмса, он бестен кейін досыңдай көр» деп, баланың ой-өрісі даму кезеңін ерекше бағалаған. Қазаққа тән игілік пен ұлттық сана дегеніміз ол - әдептілік, бауырмалдық, қонақжайлылық, еңбекқұмарлық, ұрлық, қиянат жасамау, үлкенді сыйлау, тағы сондай сияқты. Қазақ ойшылдарының көзқарасындағы басты идея «атаның баласы болма, адамның баласы бол, жақсы көпке ортақ, пайдаң еліңе, халқыңа тисін» деген гуманистік ой-пікірді қуаттау болды. Қазақ халқы баланы жамандықтан жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болуын, һәм байсалды, ойламды, шымыр болып өсуін ұлт тәрбиесінің негізгі қағидасы етіп ұсынған.
Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады. Отбасындағы ата-ана - баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Баланың болашағы, білімі, мәдениеті отбасындағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты.
Біздің халық ер адамды ұлықтаған, ол - үйдің отағасы, балалардың әкесі. Бүгінгі таңда әке түрлі себептермен отбасындағы күшін жоғалтуда. Сонымен бірге әке тәрбиесі жетіспейтін отбасылар да көптеп кездесуде. Ата-ананың мейірімін көріп, сезініп өспеген бала - өте қамкөңіл, тез ренжігіш, күйгелек мінезді, қатыгез болып келетіндігі анықталған.
Бүгінгі қоғамның даму жағдайындағы отбасы тәрбиесінің күй-жайы ерекше көңіл аударуды қажет етеді. Өйткені, қоғамда орын алып отырған келеңсіз жайттардың барлығы дерлік осы отбасы тәрбиесінің олқылықтарымен байланысты болып отыр.
Отбасы, әлеуметтік институт болғандықтан, сөзсіз қоғамның ықпалында болады. Отбасының өзгеруінің заңдылығы жалпы қоғамда болып жатқан өзгерістермен бағыттас. Сондықтан қазіргі кездегі отбасының жағдайын түсіну үшін және оның дамуының болашағын бағалау үшін бүкіл XXI ғасыр бойы қоғамдық өмір мен бұқара санасында болған түбегейлі өзгерістерді ескеру керек.
Әлиев Ш.Ш.,
ӘГҒЗИ ғылыми қызметкері
Мәдени құндылықтары қалыптасады
Typography
- Smaller Small Medium Big Bigger
- Default Helvetica Segoe Georgia Times
- Reading Mode