Жобаны қолдаушылар көп

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times

Жобаны қолдаушылар көп

Бүгінгі жастарды кітап оқымайды деп кінәлаушылар көп. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Шымкентте буккроссингтің жаңа орындары ашылған болатын. Буккроссинг – басқаша айтқанда, кітаптармен алмасу. Үдерістің жүзеге асу реті: сіз бұрын оқыған кітабыңызды алып, ашық буккроссинг-аймағына апарасыз. Ол аймақтағы кітап шкафының бос сөресіне оқылған кітаптарды қойып, олардың орнына басқа, сіз оқымаған  кітаптарды алуға болады. Барлығы тегін. Шымкентте мұндай буккроссинг-аймақтары адамдар көп шоғырланған жерлерде орнатылды: Олар: М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Silkway Халықаралық университеті, Қазпошта орталығы, «Береке» сауда орталығы және Жастар ресурстық орталығында. Кітап алмастыратын әр алаңға отандық және шетелдік классиктердің есімі берілді. Жаңа буккроссинг-аймақтарын ашу басқа да мәдени шаралармен бірге жүзеге асатынын айтып өту қажет. Көлемді жобаны өткізудің мақсаты өте маңызды: кітап оқуға баулу және біздің қоғамдағы «кітап алмастыру мәдениетінің» деңгейін көтеру. «Кітап оқып өскен жастар адал, әділ, рухани бай болып өседі. Жастар арасындағы қылмыстың алдын алуда да мұның маңызы зор. Өйткені кітаппен сусындап өскен жасөскін ешуақытта да біреудің ала жібін аттамайды. Сондықтан да аталған жобаны қолдаушылар көп» дейді ұйымдастырушылар.