Мен жастарға сенемін!

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times

Мен жастарға сенемін!

Мамандардың айтуынша, қылмыстардың көпшілігі түнгі мезгілдерде орын алады. Түн ортасында көше-көшені кезіп, қарақшылық жасап, адамдарды торуылдап жүретін жеткіншектің көп қатерге ұшырайтыны айтпаса да түсінікті. Жасөспірімдер арасындағы көңілге кірбің түсіретін қылмыстық оқиғаларды қайтсек азайтамыз? Қауіпті дертпен қалай күресеміз? Осы мәселе бойынша бірнеше маманның пікірін білген едік. Ұлағатты ұстаз, ақын, аудармашы Айбек Қабылша балалардың тәртібі мен мәдениетіне немқұрайды қарамау керектігін айтады. «Қазіргі жасөспірімдердің барлығы бұзақы, оңбаған деп ойламаймын. Мен керісінше, Мағжан болмасам да, осылардан үлкен үміт күтемін. Мен жастарға сенемін! Дегенмен, балалардың тәртібін түзейміз десек, ең алдымен, теледидардағы мултфильмдер мен киноны реттеу керек. Ол туралы айтудың өзі күлкілі. Оларға күнде бұзақылық пен айуандықты насихаттап отырып, жастарды қалай бұзақылық пен айуандықтан тыймақпыз. Бар кілтипан осы атыс-шабысы тыйылмайтын шетелдік фильмдерден келіп жатыр. Жаман қылықтарды көріп өскен балалар бұзылмағанда қайтеді? Ондай безбүйрек бала еліне қорған, отбасына пана болып жарыта ма?»  – дейді педагог.
Айтса, айтқандай-ақ, қазіргі теледүниенің талай жасөсіпірімнің «ақылшысына», «дос-сырласына» айналғанын аңғару қиын емес. АҚШ-тың Стендфорд университетінің ғалымы Альберт Бандураның жүргізген зерттеуіне үңілсек, агрессиялық әрекеттері бар кинофильм көрсетілгеннен кейін жасөспірімдердің 90%-ға жуығы сол әрекеттерді қайталайтынын дәлелдеп берген. Демек, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың зауалы «көк жәшіктен» келіп жатқанын бір фактор деп қарастыруымыз керек. Шымкенттік білікті психологтар бүгінде қаладағы орта мектептерде онлайн тәрбие сабақтарын үзбей өткізіп келеді. Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу тек педагогтар мен психологтар, тәртіп сақшыларының ғана міндеті емес, барлығымыздың міндетіміз.

Шымкент келбеті