Ұлттық ұлағатымыздан хабардар...

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times

Ұлттық ұлағатымыздан хабардар...

Әйел теңдігі қай кезеңде болмасын назардан тыс қалған емес. Мемлекет тарапынан әйелдерді қолдау мен олардың қоғамдағы ролін арттыру туралы ұсынысы яғни, гендерлік саясат ақ жаулықтыларымызды қуандырған-ды. Осыған қарап енді билік басындағы құзырлы қызметтерге әйел-аналарымыз көптеп тағайындалатын болар деген үкілі үміттің де басы қылтиған-ды. Үміт ақталды. Бүгінде жауапты қызметтерді жауапкершілікпен атқарып отырған ақ жаулықтыларымыз көп. «Еркектерден әйелдерді көп дейді, бола берсін көп мейлі» деп сұлулық иелерінің мақтауын асыратынымыз рас... Хош, сонымен еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің 42 пайызға жуығы әйелдер. Олардың көбісі орта деңгейде жұмыс атқарады. Әсіресе медицина мен білім саласында әйелдердің саны да, салмағы да басымдау. Сондай-ақ, денсаулыққа зиянды жерлерде де әйелдердің көптеп жұмыс істейтіні белгілі. Қандай жағдай болса да алдыңғы шептен табылатын әйелдерге биліктің басында басымырақ болу бақыты бұйыратыны анық. Әйелдерді еркектерден көп десек те олардың құзыры жүретін креслода отырғандары 11 (-ақ) пайызды құрайды екен. Министр аналарымыз бар, орынбасарлары да нәзікжандылар. Бір ғана облыс әкімі бар әзірге. Көптеген нәзікжандыларға орынбасарлықтан басқа әзірге «жасыл жанбай» тұр. Ғарышты да бағындырған әйелдерге әкім болу қолынан келмейді деп сенімсіздік білдірілсе ешкім де илана қоймас. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді бұдан еркектерді ештеңе тындырмай отыр деген ұғым туындамаса керек. Тек беделді биіктерден әйелдеріміз көбірек көрінсе, күрмеуі кертілмей отырған салалардағы сең қозғалар ма еді? Сондай-ақ, еліміздегі саяси қызметтерде 346 ғана әйел «екі қолға бір күрек» тауып отыр. Ал мемлекеттік органдардағы референт, одан төменірек мамандықтардың 68 пайызын әйелдер құрайды екен. Ақыл парасатымен ұлтын ұйыта білген әйел-аналар да болған. Халқымызда ондай данагөй аналарымыз дүйім жұртты аузына қаратып еркектердің өзіне ақыл салып отырғанын тарихтан білеміз. Шиеленісті сәттерден шешім тауып шыға білетін шешен әйелдердің ел тізгінін ұстап жүргенін шетелдерден көріп те жүрміз. Бүгінгі күннің миға жүк, санаға салмақ салып тұрғаны рас. Қоғамға қызмет етуден бөлек әйелдердің бала тәрбиесімен де, отбасы мәселесімен де айналысып бәріне де үлгеруіне тура келеді. Қандай қиыншылық болса да әйелдер екі иығымен көтеріп, көніп, көнтерілі болып кеткен. Әйелдер биліктің басында болса да, ошақтың қасында болса да қашанда халықтың жоқтаушысы болып қала бермек. Ұлттық ұлағатымыздан хабардар, инабаттылықтың ауылынан алыстап кетпеген аналарымыз «билікті бермедің» деп және тепсініп отырған жоқ. Десек те әлемді әлдилеп, бесік етіп тербетіп отырған әйелдер екені рас енді...

                                                                                     Нұрлы Бақдәулетова