Өз кәсібін нәсіпке айналдырған
«Болар баланың бетін қақпа, белін бу» демей ме қазақ. Айжан бала кезінен іске ширақ, айтқанды айтқандай қағып алатын қағылез болып өсті. Үй шаруасына бейім, шырқ үйіріп әкететін ол жетінші сынып оқып жүргенде-ақ қолынан ине-жібі түспейтін. Тұлымшағы желбіреген бала кезінен қит етсе, қуыршаққа киім тігіп ойнайтын бұла қыз енді әкесінің қасынан бір елі шықпай, ертелі-кеш қолғабыс бере алатын көмекшіге айналды. Әкесі Тоқтабай ауыл-аймаққа танымал тігінші болатын. Ісмерлігі сондай қонышты етіктерді тігетін. Өз алдына шеберханасы болды, көбінде ерлердің киімін тікті. Көне ішіктерден қазақы тымақ тігетіні және бар.
«Үйде екі ұл, екі қыз болып өстік. Марқұм әкемнің жолын қуған балаларының ішіндегісі мен болдым», — дейді Айжан. Бұл күндері Айжан тұрмыс құрған. Өмірдегі ең қуанышты кезеңдері – бала сүйді, үш баланың ардақты анасы атанды.
«Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Өрлеу» бағдарламасы бойынша мемлекеттен 394 472 теңге берілді. Осы қаржыға су жаңа екі тігін машинасын, қажетті маталарымды сатып алдым. Бұрынғы ескі тігін машинаммен көрші-қолаңның ұсақ-түйегін тігуге жарап жүрген болатынмын, енді құрал-жабдықтарым түгенденген соң, батылданып тапсырыстар ала бастадым. Қазір киім-кешектің барлық түрі, той көйлегі, пальто, төсек жабдықтары, перде, түрлі жапқыштар, балалар киімі, қыз жасауы… қолымнан келгенше елдің сұранысын қабылдауға тырысамын.
Міне, Айжанның қысқаша әңгімесі осы. Барлығын жастай бастап, ерте бастан еңбекке араласқанның, ісінің алға басқандығының жемісі болар, шеберлігін бағалап, тапсырыс берушілер қатары артты, осы күніне шүкіршілік етеді. Халықтың кәдесіне жарап, қызмет етіп отырған, соған сай маңдай терімен еткен еңбегінің нәтижесін көрген қандай керемет! Енді толықтай аяқтан тұру үшін Айжан Базарбаева тігін бөлмесін одан әрі дамытуды ойлады. Қазір үйінің бір бөлмесін алып отырған отыздағы келіншек, келешекте өз алдына цех ашып, іргесін кеңейткісі келеді. Өзінің қанша жылғы тәжірибесіне сеніп, екіншіден, тәуекел етіп, табандылық танытпаса, бәсекелес заманы емес пе, күннен күнге тігіншілер қатары көбейіп келеді, талғам мен сән де жыл сайын өзгеріп, адамдар өрнекті, кестелі, соңғы үлгідегі киімдерді іздейді. Соған сай заманауи, сапалы, кестелеп тігетін – бағасы төрт жүз елу мың теңге тұратын тігін машинасын алуды мақсат тұтып отыр. Ол үшін тағы да мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, бақ сынап көргісі бар. Өнерлінің өзегі талмас деген, «өзім дегенде өгіз қара күшім бар», Айжан өзі жоспарлағандай, бастысы нарықтан өз орнын тауып, ілгерілеп келеді. «Өнер таусылмас азық, жұтамас байлық» деген осы. Бойыңдағы өнерді сыртқа шығарып, оны ел кәдесіне жаратып, өз кәсібін нәсіпке айналдыра білген оған әрі қарай тек табыстар тілейміз.
Қ.Исламқызы,
Шымкент
Өз кәсібін нәсіпке айналдырған
Typography
- Smaller Small Medium Big Bigger
- Default Helvetica Segoe Georgia Times
- Reading Mode