Ұлттық дәстүр ұлылыққа үндейді

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times

Ұлттық дәстүр ұлылыққа үндейді

Қазақ отбасыларында ұлдарының алғаш рет атқа жеке мінгізу рәсімін ерекше атап өтетін болған. Мұны «Ашамайға мінгізу» немесе «Ашамай тойы», бір өңірлерде «Ат мінгізу тойы» деп атаған. Баланы ашамайға мінгізу дәстүрі, оның атқа отыра білу, қолқанат болу, баланың мықты, табанды болып өсуіне сипатталған «ат жалын тартты» дегенді, яғни оның өмірінің есеюге бағытталған жаңа кезеңі басталғандығын, азаматтықтың бастамасын білдіреді. Ашамай дегеніміз арнайы ағаштан жасалынған ердің қарапайым түрі. Оны шеберлерге, ұсталарға арнайы тапсырыспен жасататын. Жас баланың буыны мен бойы ер-тұрманды атты игере алмайтындықтан, ол үзеңгісіз болады, ал кеңдігі баланың ауына лайық болады. Алды-артында ер-тоқымдағыдай сүйеніші мен үстінде жұмсақ көпшігі болады. Баланы «Ашамайға мінгізу» рәсіміне ағайын-туғандар, ауыл адамдары жиналады. Үйретілген, мінуге жарап тұрған бәсіре тайға ашамай ерттелінеді. Егер бәсіре тай кейбір себептермен мінуге жарамаса, онда жуас, жүрісі жайлы басқа тай-кұнан таңдалады. Баланы атқа мінгізу құрметі шабандоз, желтақым жігіттерге жүктеледі. Баланы салтанатты түрде атқа мінгізіп, аяғын іскішекке сұғып, белін айналдыра жұқа көрпешемен орап, қолтырмаш ағаштармен денесін ауыртпайтындай ғып байлайды. Содан соң, ат үстіндегі бала алақанын жайып, ауылдың батагөй ақсақалдарынан бата сұрайды. Бата берілген соң, баланың қолдарына аттың тізгінін, қамшы ұстатады. Аттың жал-құйрығына, баланың шапанына не баскиіміне шоқтап үкі тағады. Үкі қазақ ырымында «жын-шайтаннан қорғайды» деп саналады. Баланың әке-шешесі ашамайға мінгізген жігітке, бата берген ақсақалға сыйлықтарын береді... Ұлттық салт дәстүрімізді дәріптеп, ғасырдан ғасырға жалғастырып келе жатқан көреген, дана ата-әжелеріміз бүгінде осы дәстүрді ел арасында тірілтіп жүр. Ұлттық үрдісіміздің қаймағы бұзылмаған Шымкентте де аталған дәстүр жалғасын тауып келеді. Ұлттық ғұрыптарымыз ең алдымен отбасы құндылығын құрметтеуге, татулықты сақтауға, үлкенді сыйлауға үндейді.